ШҚО-да «Участок» ЖПІШ-ның алғашқы апталарының қорытындысы шығарылды
«Участок» жедел профилактикалық іс-шарасының екі аптасында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері үш мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Рейдтердің басты міндеттері – қылмыстың алдын алу және елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Іс-шара жергілікті жерлерде заңдылықтың сақталуына бақылауды күшейтуге, терроризм мен экстремизмге қарсы тұруға, сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға және атыс қаруының иелерін тексеруге бағытталған.
Полиция департаментінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап үйді-үйді аралап кең ауқымды тексеру жүргізілді. 75 мың пәтер мен жеке меншік үйлер, төрт мыңнан астам саяжай, 600-ге жуық жалдамалы пәтерлер тексерілді. Жұмыс барысында заңсыз жалға алынған тағы 47 пәтер анықталып, олар туралы ақпарат уәкілетті органдарға берілді.
– ЖПІШ-ның 14 күнінде мемлекеттік органдар мен мекемелердің 560 қызметкері, сондай-ақ қоғам өкілдері іске жұмылдырылды. 770 шаруа қожалығы тексеріліп, базарларда 809 рейд жүргізілді, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрлан Жарлығақов.
Шара барысында 59 тұрғылықты жері жоқ адам ұсталып, есепте тұрған бес мыңнан астам азамат тексерілді, көші-қон режимін бұзудың 89 фактісі анықталды, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар. Тіркелмеген қарудың алты бірлігі тәркіленіп, олар бойынша процесуалдық шешімдер қабылданды.
Бұзушылықтардың көбі Өскеменнің Үлбі ауданында тіркелген.
Жалпы облыс тұрғындары бөлімшелік полиция қызметкерлерінің үй-үйді аралап жүргеніне түсіністікпен қарайды. Алайда алаяқтардан қорқып, есігін ашудан бас тартқан азаматтар да болды.
– Ішкі істер органдарының қызметкерін тану оңай: ол міндетті түрде қызметтік куәлігін көрсетіп, келуінің мақсатын хабарлайды, – деп түсіндірді ШҚО ПД ювеналды полициясының аға инспекторы Әйгерім Бейсембаева. – Кейде адамдар демалыс және мереке күндері өткізілетін тексерулерге наразы болады. Бірақ полиция демалыс күндерінсіз жұмыс істейді, сондықтан оған түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Департаменттің хабарлауынша, тексеру барысында азаматтардың құқықтары, оның ішінде қорғану, ақпарат алу және шешімдерге шағымдану құқығы сақталады.
Нұрлан Жарлығақов айтқандай, алдағы апталарда полиция қызметкерлері ұсақ құқық бұзушылықтар санын азайтуға және тұрғын аудандардағы қауіпсіздікті нығайтуға қол жеткізуге ниетті. Рейдтер күздің соңына дейін жалғасады, ал құқық бұзушылар жауапқа тартылатын болады.