ШҚО-да тұрғын үйлердегі өрттен қаза тапқандар саны азайды
Ағымдағы жылдың сегіз айында Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй секторында 388 өрт тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға артып тұр, ол кезде 294 өрт тіркелді. Сонымен бірге биыл өрттен 14 адам, ал өткен жылы 17 адам қаза тапты. Өрттің және соның салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу жолдары туралы ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов пен басқарманың бас маманы Медет Мұқашев ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
– Тұрғын үй секторындағы өрт санының артуына қарамастан, онда қаза тапқандар саны, қуанышымызға орай, азайып келеді, – деді Нұржан Өміржанов. – Бұл биыл өрт шаруашылық құрылыстарында (моншалар, гараждар) жиі орын алуына байланысты, ал тұрғын үйлерде өрт шығу оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда азайды. Осы себепті профилактикалық жұмыстарды жүргізу кезінде енді шаруашылық құрылыстарына ерекше назар аударамыз.
Нұржан Өміржанов хабарлағандай, өрттің негізгі шығу себептері – электр сымдар жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және отты абайсыз қолдану.
ШҚО ТЖД Мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасының басшысы облыста өрт кезінде болатын өлім-жітім көрсеткішінің жалпы төмендеуіне қарамастан, адам өлімі көбейген аудандардың бар екенін атап өтті. Мәселен, Риддерде жыл басынан бері үш адам (2024 жылы – екі), Шемонаиха ауданында – бес адам (2024 жылы – үш) қайтыс болды.
Ағымдағы жылдың басынан бері екі адам иіс тиіп көз жұмды (былтыр – бес), 21 адам жарақат алды (былтыр – 22).
Баяндамашылар өрт пен соның салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу жолдарын еске салды.
Біріншіден, жеке сектордың тұрғындары пештерін қыс мезгіліне алдын ала дайындап, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін үнемі сақтауы керек.
Жылыту пештері мен жүйелерінің мұржалары, түтін құбырлары және басқа элементтері жылыту маусымы басталғанға дейін, сондай-ақ маусым бойы күйеден тазартылуы тиіс: жылыту пештері үшін кемінде үш айда бір рет; үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтар үшін кемінде екі айда бір рет.
Пештерді пайдалану кезінде тыйым салынады:
- жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыру, оларды балаларға қадағалауды тапсыру;
- отын және басқа да тез тұтанатын материалдарды өрт ошағы есігінің алдына немесе өрт ошағы аймағына қоюға;
- қатты отын жағылатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға;
- отынның осы түрлеріне арналмаған пештерді көмірмен, кокспен және газбен жағуға;
- көпшілік іс-шаралар кезінде үй-жайларда пештерді жағуға;
- пешті шамадан тыс қыздыруға;
- пеш пен мұржалар бетінен 0,5 метрден кем қашықтықта жанғыш заттар мен материалдарды (аяқ киім, киім, отын) құрғатуға;
- жобада қарастырылмаған жапқыштарды пайдалануға;
- желдету және газ арналарын мұржалар ретінде пайдалануға;
- ақауы, жарықтары мен саңылаулары бар пештерді жағуға.
Қыздырылған және бықсыған материалдар бар күл және қож арнайы орынға шығарылып, сумен сөндірілуі тиіс.
Жанғыш материалдарды, бұйымдарды және жабдықтарды от жағу саңылауларынан 1,25 метрден немесе пештің басқа қыздырылған бөліктерінен 0,7 метрден кем емес қашықтықтағы жерде сақтауға болады.
Көмірді осы үшін арнайы бейімделген үй-жайларда немесе жанатын құрылыстардан кемінде 8 метр қашықтықта орналасқан арнайы бөлінген алаңдарда сақтау қажет.